12 жастағы қызды ұшаққа кіргізбеген FlyArystan қызметкерлері әлі жауапқа тартылмаған

Дәурен Ерболат

Бала жалғыз өзі әуежайда қалып қойған

Фото: Halyq Uni

Елордада 12 жастағы қызды ұшаққа кіргізбеген FlyArystan қызметкерлері әлі жауапқа тартылмаған. Бұл туралы әуе компанияның президенті Ричард Леджер айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алдымен көлік министрінің орынбасары Талғат Ластаев осы оқиғадан соң компанияға тексеріс жүргізілгенін атап өтті.

Нәтижесінде FlyArystan әуе компаниясына 3,5 млн теңге айыппұл салынды. Авиакомпания коммерциялық болып саналады. Ол «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының құрамына кіреді. Біз FlyArystan-ға айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тарттық, - деді вице-министр.

FlyArystan президенті тексеріс жүріп жатқанын, әлі ешкім жауапқа тартылмағанын ашық айтты.

Бұл оқиғаны бәрі біледі. Бізді қауіпсіздік процедурасының бұзылғаны алаңдатады. Бірден тексерісті тағайындадық. Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес тиісті шешімді қабылдаймыз. Тексеріс әлі жүріп жатыр. Сондықтан тәртіптік жауапкершілікке әлі ешкім тартылмады, - деді Ричард Леджер.

Басшы ата-аналарға енді осындай жағдай қайталанбайды деп уәде берді.

Бұрын қыздың анасынан да кешірім сұрадым, қазір де кешірім сұраймын. Бізде жерүсті және ішкі қызмет көрсету ережелері өте қатаң. Бұл осындай жағдайдың қайталанбауына кепілдік береді, - деді FlyArystan президенті.

Еске салайық, бұл оқиға Астанада болған еді. Егіз қыздар басқа балалармен бірге Орал қаласына ұшпақ болған. Алайда FlyArystan ұшақтарды ауыстырған. Сол уақытта 12 жастағы бір қызға орын жетпей қалған. Салдарынан бала Астана халықаралық әуе жайында жалғыз қалған. Әуе компания қыздың ата-анасынан кешірім сұрап, 4 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы ұсынған еді.