Ол ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізген
Семей қаласының N2 сотында Халыққа қызмет көрсету орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының маманы ақпараттық жүйеге тіркелген көліктердің санаты мен шығарылған жылы туралы жалған мәліметтерді енгізген. Тергеу барысында оның қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі қылмыстық әрекетінің 2 дерегі анықталды. Осылайша, тексеру актісі, қайта өңдеу төлемін жасағаны туралы куәлік және Форд F150 автокөлігінің 2017 жылы шығарылғанын растайтын басқа да құжаттар болғанғанмен, айыпталушы аталмыш көлікке қатысты «2019 жыл» деген деректемелерді әдейі енгізген. Сондай-ақ ол ақпараттық жүйеге 2007 жылы шығарылған «RENAULT MAGNUM» көлігінің санатына қатысты көрінеу жалған ақпарат енгізген. Көліктер «5 жыл және одан жоғары» санатына жататынына қарамастан, «2 жылға дейін» санатын таңдаған.
Енгізілген жалған мәліметтерді ескере отырып, тіркеу алымының мөлшері автоматты түрде сәйкесінше 350 АЕК (1 207 500 теңге) және 0,25 АЕК (862,5 теңге) мөлшерінде белгіленген. Аталған көліктердің тіркеу жарнасы 2 500 АЕК (8 625 000) болуға тиіс еді. Екі көліктен мемлекетке 16 миллион теңгеден астам шығын келген.
Сот айыпталушының кінәні толық мойындағанын әрі балаларының болуын ескерді.
Сот үкімімен Т.-ға 3 жыл мерзімге коммерциялық емес акционерлік қоғамдарда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, Т.-ның жазасы пробациялық бақылау белгіленіп, шартты түрде белгіленді, – делінген сот хабарламасында.
Келтірілген шығынды көлік иелері толық өтегендіктен, іс бойынша азаматтық талап қойылмаған.
Үкім заңды күшіне енді.