Halyq Uni логотип
×

Алматыда өңірлік кадрлық резервке 30 маман қабылданады

Кадрлық резервке 261 үміткер қатысқан 

 Халық үні 21.08.2024 | 15:33
Алматыда өңірлік кадрлық резервке 30 маман қабылданады
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда өңірлік кадрлық резервке 261 үміткер құжат тапсырған, іріктеудің соңғы кезеңінде 30 маман қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті бірлесіп, өңірлік кадрлық комиссияның отырысын өткізді. Қала әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен өткен отырыста өңірлік кадрлық резервке үміткерлерді іріктеудің соңғы кезеңі өтті.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өңірлік кадрлық резервіне іріктеудің бірінші кезеңі 1 наурызда басталған еді. Үміткерлер бес кезеңнен өтуі тиіс болды. Іріктеуге 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Алматы қаласы бойынша бірінші кезеңде 261 үміткер құжат тапсырса, соңғы кезеңге 43 үміткер жіберілді.

Қала әкімі Ерболат Досаев финалдық кезеңге өткен үміткерлерді құттықтап, сәттілік тіледі. Үміткерлердің барлығы бұған дейін заңнаманы білу, жеке қасиеттер мен құзыреттерді бағалау бойынша тестілеуден сәтті өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды әрі мақсат қоя білетін жастар үшін әлеуметтік лифтінің маңыздылығын бірнеше рет айтқан. Біздің өңірлік кадрлық резервіміз үміткерлеріміз үшін осындай лифт болатынына сенімдімін, - деді Алматы әкімі.

Айта кетейік, іріктеу кезіндегі «құрылымдық сұхбат» барысында үміткерлер өздерінің ұсынылған идеяларының, қызықты жобаларының мәні мен мақсатын, оларды жүзеге асыру кезеңдерін, ықтимал мәселелерді, күтілетін нәтижелер мен оларды шешу жолдарын ашып көрсетті. Іріктеу қорытындысы бойынша 30 маман өңірлік кадрлық резервке қабылданады, олар екі жыл ішінде қаладағы жергілікті атқарушы органдағы түрлі бос лауазымдарға байқаусыз тағайындалуға үміткер бола алады.

Өңірлік комиссия төрағасының орынбасары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Әлімхан Шынарай, ал комиссия құрамына қалалық мәслихаттың төрағасы Мейіржан Отыншиев, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссияның төрағасы Алтай Бердіқұлов және қала әкімі аппаратының басшысы Айдар Жақыбаев кірді.

Комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында іріктеудің соңғы кезеңінде Мемлекеттік қызмет істері департаменті тәуелсіз салалық сарапшыларды шақырған. Сарапшылар үміткерлер үшін іріктеудің ашық және әділ өтуін қамтамасыз еткенін атап өтті.

Байқауға барлық азаматтың қатысуға қақысы бар, сарапшылар ретінде біз қатысқан соңғы кезеңде мемлекеттік қызметшілерден басқа бизнес өкілдері, мұғалімдер, дәрігерлер, академиялық сала мен квазимемлекеттік сектор өкілдері де болды. Барлығына тең қолжетімділік қамтамасыз етілді. Ашықтық пен транспаренттілік қамтамасыз етілді», - деді «Алматы азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама