Әуе рейстері неге жиі кешігеді? Вице-министр себебін түсіндірді
Ауа райының қолайсыздығы да жағдайды ушықтырған
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанда әуе рейстері неге жиі кешігетінін түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол мәселені шешу үшін қандай жұмыс істеліп жатқанын айтты.
Биыл еліміздегі әуе компанияларға 12 жаңа борт әкелеміз деп жоспарлағанбыз. Бүгінде оның 8-і жеткізіліп, жылдың аяғына дейін тағы 4 борт келеді. Жалпы рейстердің кешігуі әлемде бар проблема, – деді Талғат Ластаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ вице-министр еліміздегі әуежайлардың жөндеуге жабылуы және ауа райының тосын мінезі мәселені ушықтырып жібергенін мойындады.
Биыл тамызда бірнеше әуежай жөндеуге жабылып жатыр. Мысалы, Астана әуежайын алайық. Ол түнде жұмыс істемейді. Сондықтан күндізгі рейстердің саны көбейді. Бұрын әуежай 24 сағат жұмыс істегенде 10-12 рейс қонатын. Алайда қазір күндізгі рейстердің саны 20-25-ке дейін өсті. Сондай-ақ қазір Ақтөбе әуежайындағы ұшу-қону жолағы жөнделіп жатыр. Ақтау әуежайында да жөндеу жұмыстары басталды. Олар қысқа дайындалып жатыр. Сонымен қатар жақында елордада бұршақ жауды. Сол уақытта бірнеше ұшаққа зақым келді. Қазақстан әуе компанияларында жалпы 101 ұшақ бар. Оның ішінде 10 ұшақ әртүрлі себеп бойынша ұшпай тұр. Оның ішінде бесеуіне бұршақ жауғанда зақым келді. Қазір олар жөнделіп, ұшып жүр. Осы уақытта рейстердің кешігуі көбейді, – деді министрдің орынбасары.
Талғат Ластаев рейстердің кешігу дерегі қашан азаятынын жеткізді.
Астана әуежайы 20 жыл бойы жөнделмеген. Қазір 100 мың шаршы мертрде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі айдың ортасына дейін жұмысты бітіреміз. Осыдан соң рейстердің кешігуі өз ретіне келеді, – деді вице-министр.