Бұрынғы министр 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы және басқаларына қатысты үкім апелляциялық тәртіппен қайта қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгін Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен А.Мұхамедиұлы және басқаларына қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіпте қаралды.
Еске салсақ, бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2029 жылғы 29 ақпандағы сот үкімімен Мұхамедиұлы А. лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу арқылы, аса ірі мөлшерде ұрлауды ұйымдастырғаны, рейдерлік әрекетке бағытталғаны, өкілеттіктерін теріс пайдалануды ұйымдастырғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Аталған іс бойынша айыпталған Нұразхан А. кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу жолымен, аса ірі мөлшерде ұрлауға қатысқаны үшін 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Кошенов А. мен Садвокасова А. кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде, талан-таражға салу жолымен ұрлауға жәрдемдескені үшін коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдармен айналысу құқығынан айырыла отырып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ, А.Садвокасоваға үкімнің орындалуын 5 жылға кейінге қалдыру қолданылды.
Сатубалдин А. мен Кочетов Л. кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде, талан-таражға салу жолымен ұрлауға қатысқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айыруға;
Жуаспаева Г. өкілеттігін асыра пайдаланғаны және көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.
Сондай-ақ Жуаспаева Г. «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының негізінде негізгі жазадан, тармағы бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Бұған қоса, сот ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің талап қоюы қанағаттандырылып, 3,5 млрд. теңгеден астам сомада келтірілген залал өндірілгенін атап өтті.
Сондай-ақ Бірінші сатыдағы сот А.Мұхамедиұлы және басқалары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу жолымен, аса ірі мөлшерде ұрлауды ұйымдастырып, оған қатысқаны анықталды. Қорғаушылар, сотталғандар және олардың адвокаттары сот үкімімен келіспей, оған шағым келтірді.
«Астана қалалық сотының сот алқасы шағымдардың дәлелдерін зерделеп, процеске қатысушыларды тыңдап, қылмыстық істің материалдарын зерттеп, сотталғандардың кінәсінің дәлелденгені туралы сот қорытындыларымен келісті. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою немесе өзгерту үшін негіздер анықталмады. Үкім заңды күшіне енді, - деді Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.