Меморандум аясында жаңа жұмыс орындары ашылады
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында қала әкімдігі мен Stecol Сorporation және «SIENA» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала әкімі Мұрат Бөрібаевпен бірге меморандумдарға Stecol Сorporation (Қытай) жобасының жетекшісі Янг Хонвэй және «SIENA» компаниясының директоры Руслан Шарипов қол қойды.
Бұл меморандум ауқымды жоспарлар мен жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Қаламыздың және тұрғындардың игілігіне жол ашады. Қалалық инфрақұрылым мен экономикалық дамуды жақсарту үшін маңызды қадам. Біздің серіктестеріміз өзге қала мен аймақта болмай, жанымыздан табылса, біздің ынтымақтастығымыз көптеген жылдар бойы жемісті болып, ауқымды жоспарлар мен жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі деген сенімдемін, - деді қала әкімі Мұрат Бөрібаев.
Осы келісім есебінен алдағы үш жылда маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруды, жол желісін жақсартуды және 50-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Инвесторлардың қалаға тіркелгеннен кейінгі асфальт-бетон зауытын, битум сақтауға арналған қойма салу жоспарлары Сәтбаевтың экономикасына оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ бұл жергілікті бюджетке түсетін кірісті арттырып қана қоймай, сонымен қатар, қала инфрақұрылымының дамуын жеделдетеді.