«Намаз оқиды»: 7 жасар баланы зорлады деген күдікке ілінген депуттатқа қатысты жаңа дерек шықты
Серікхан Жақыповтың қызметкерлері экс-басшылары туралы оң пікірде
Кәмелетке толмаған балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінген Amanat партиясы Жетісу облысы Ақсу аудандық филиалының экс-төрағасына қатысты тың ақпарат айтылды. Sputnik Қазақстан тілшісі Айдана Дайырова аудан орталығына барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылының тұрғындары оқиғаны естігенде есеңгіреп қалдық дейді.
Қазір әлеуметтік желіде неше түрлі сұмдықты жазады. Өз басым ондай болды дегенге еш сенбеймін. Көпе-көрнеу жала жаба салатын заман болды, - дейді Жансүгіров ауылының тұрғыны Қымбат Жанымбаева.
Amanat партиясы Ақсу аудандық филиалының күдікке ілінген экс-төрағасы Серікхан Жақыпов осы Жансүгіров ауылының тумасы.
Ол кісіні сенбі күні қамады деп естідік. Өзі де, әйелі де намаз оқиды, төрт баласы бар, үлкені – студент. Осы жылдар ішінде жаман атын естімедік, - дейді Жансүгіров ауылының тұрғындары.
Ауыл іші алып қашпа сөзге толып кеткен.
«Жеті жасар балаға тиісті деп естідік. Ол бала әйелінің төркін жағынан қонаққа келген, күдіктінің қайын әпкесінің баласы дейді. Бала болған жағдайды полицияға айтып берген», - дейді Маржан есімді тұрғын.
Десе де, Серікхан Жақыповтың қызметкерлері экс-басшылары туралы оң пікірде.
Ол кісі білікті басшы, оғаш қылығын байқаған емеспіз. Жауапкершілігі мол, өз ісіне мұқият адам. Қылмыстық іс туралы ақпаратты сенбі күні ғана естіп, жағамызды ұстадық. Бәрін тергеу шешеді, бірақ сенгіміз келмейді, - дейді Amanat партиясы аудандық филиалының мамандары.
Аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама жасалып жатқанын айтты.
«Ақсу аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қажетті сот сараптамалары жасалып, тергеу жүріп жатыр», - дейді Ақсу аудандық полиция бөлімі.
Оқиғаның қай күні болғаны әзірше белгісіз. Ал Amanat партиясының Жетісу облыстық филиалы Серікхан Жақыповтың 1 тамызда өз еркімен өтініш жазып, төрағалық қызметінен босағанын айтты.