Несие алу үшін жұбайының келісімін алу қағидалары бекітілді

Динара Амантай

Түзетулер 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі

Фото: Halyq Uni

Банктік қарыз немесе микронесие беруге жұбайының келісімін алу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидаларын, жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту туралы» агенттік басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы №55 қаулысын қабылдады.

Қаулыға сәйкес жұбайының келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микронесиенің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде (2024 жылы 3 млн 692 мың теңге) бекітілді.

Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің тіркелген некесінің (ерлі-зайыптылығының) болуы туралы ақпаратты Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және егер несие сомасы белгіленген шектен асып кетсе, кредитор жұбайының (зайыбының) банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті, – делінген хабарламада.

Келісім еркін жазбаша түрде банк бөлімшелерінде немесе микроқаржы ұйымының филиалында қағаз жүзінде не электронды түрде рәсімделеді. Сондай-ақ, келісімді банктің мобильді қосымшасы арқылы немемсе электронды үкіметтің веб-порталы арқылы рәсімдеуге болады.

Бұған қоса, Заңда қарыз алушының жұбайының келісімінсіз берілген қарызды несие берушінің есептен шығару міндеті көзделеді.

Түзетулер биылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.