Үш адамның өліміне себепкер болған дәмхана басшысына сот үкімі шықты

Динара Амантай

Ол кінәсін мойындамай, барлық жауапкершілікті жұмысшыларына артпақ болды

Фото: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысының Орал қалалық соты биылғы 4 қаңтарда «Rizyq» кафесінде болған жарылысқа кінәлі азаматқа айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, «Rizyq» кафесінің басшысы газ жабдықтарын қолданудың белгіленген ережелерін бұзу салдарынан дәмханада жарылыс болып, ғимараттың бір бөлігі құлаған. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, бес адам әр түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.

Сот отырысы барысында сотталушы кінәсін мойындамады және барлық жауапкершілікті жұмысшыларына артпақ болды.

Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, мекемелерде әкімшілік-шаруашылық және ұйымдастырушылық-өкімдік қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.