Алматы әкімі Олимпиада жүлдегерлеріне пәтер мен көлік кілттерін сыйлады

Динара Амантай

Оларға 5 және 4 миллион теңгенің сертификаты да берілді

Фото: Алматы қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Париждегі Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесіп, спортшылар мен бапкерлерді жетістіктерімен құттықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, күміс жүлдегер гимнаст Нариман Құрбанов пен қола жүлдегерлер: дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа, боксшы Назым Қызайбайға, оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле және Ислам Сәтбаевқа пәтер сертификаттары мен ақшалай сыйлықтар берілген. Барлық жүлдегер 5 және 4 миллион теңгенің сертификаты мен жаңа автокөліктердің кілтін алды.

Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы да ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың спортшылары әлемдік спорттың дамуына үлес қосып, сүйікті ісі мен еліне деген сүйіспеншілктің үлгісіне айналғанын айтты.

Спортшылар Қазақстан халқына қолдағаны үшін алғыс білдіріп, оның жарыс кезінде жеңіске жетелегенін атады.