Биыл 140 жаңа вагон сатып алынады
Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда тозған вагондар біртіндеп жаңартылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан соң министрге «Қазақстанда жолаушылар тасымалындағы өзекті мәселенің бірі – лас, ауасы тар тозған вагондар. Мысалы, биыл Өскемен-Алматы бағытындағы пойызда жолаушы көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, вагонда ауа тар болған, кондиционер дұрыс жұмыс істемеген. Сіздер жағдайды дұрыстау үшін не істедіңіздер? Қашан вагондар жолаушыларға ыңғайлы болады?» деген сұрақ қойылды.
Марат Қарабаевтың айтуынша, елімізде жалпы 2 667 вагон бар.
Соңғы бірнеше жылда 600 вагон қолданыстан шығарылып, 300 вагон алынды. Осыған байланысты бізде вагондар жетіспей жатыр. Осы 2 667 вагон паркінің 74%-ында, яғни 1 857 вагонда кондиционер бар. Өкінішке қарай, (пойыздың) 26%-ы (кондиционермен) жабдықталмаған, – деді министр.
Оның айтуынша, министр өткен жылдан бастап вагон сатып алу көлемін ұлғайтқан.
Өткен жылдары 50-100 вагон сатып алсақ, былтыр 118 жаңа вагон сатып алдық. Биыл қосымша 140 вагон пайдалануға беріледі. Келесі жылы 224 вагон сатып алынады. 2025 жылдан бастап жыл сайын жалпы 200-ден аса вагон сатып аламыз. Осылайша, алдағы 5 жылда 1200 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл ескі вагондарды алмастыруға мүмкіндік береді. Министрлік пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық оператор тарапынан осындай жұмыстар істеліп жатыр, – деді Марат Қарабаев.
Ведомство басшысы вагондарда санитарлық талап сақталуы үшін тұрақты тексеріс жүргізілетінін атап өтті.
Тек биыл 62 маршрут мемлекет тарапынан субсидияланса, оның ішінде 20 маршрутқа біздің инспекция тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 200-ден аса заңбұзушылық анықталып, шамамен 10 млн теңге айыппұл салынды, – деді министр.