Олардың материалдық-техникалық жабдықталуына ерекше назар аударылады
Елдің барлық 20 өңірінде балаларға психологиялық қолдау көрсету орталығы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының айтуынша, бұған дейін орталықтардың қызметін бір жүйеге келтіру үшін бірыңғай үлгі бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірленген болатын. Онда тапсырмалар, жұмыстың негізгі бағыттары, штаттық кесте және мамандардың лауазымдық нұсқаулықтары егжей-тегжейлі көрсетілген. Әсіресе, орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуына ерекше назар аударылады.
Бұл орталықтар педагог-психологтар үшін қолдау ғана емес, сонымен қатар ата-аналар мен балалар дер кезінде және білікті көмек ала алатын орта. Балалар психологиялық көмекке жүгініп қана қоймай, медициналық, құқықтық және әлеуметтік көмек ала алады. Бұл біздің балаларымыздың және жалпы қоғамның болашағы үшін маңызды, – деді Насымжан Оспанова.
Айта кетсек, орталықтардың ашылуы 2023-2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқығы мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарда қарастырылған.