Сотта жалған айғақ берген куәгерге қатысты тергеу басталды

Динара Амантай

Оның кесірінен кінәлі азамат жазадан құтылған

Фото: Halyq Uni

Сотта жалған айғақ берген куәгерге қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Көкшетау қаласы прокуратурасының мәліметінше, полиция қызметкерлері көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған жүргізушіні ұстаған. Оған қатысты істі сотта қарау барысында сол түні құқықбұзушымен бірге алкогольдік ішімдіктерді ішкен «B.» есімді азамат куә ретінде тартылды. Алайда, куәгер бұл фактіні жоққа шығарып, сотқа жалған айғақтар берген, салдарынан кінәлі адам жазадан босатылған.

Бұл ретте прокуратура сотқа сол түні ойын-сауық орнында куәгер мен жүргізушінің ішімдікті бірге ішкендігі жазылған бейнематериалдарды ұсынып, құқықбұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлікті басқару құқығынан айырылды.

Көрінеу жалған айғақтар бергендігі үшін прокуратура бастамасы бойынша куәға қатысты ҚК 420-бабының 1-бөлігі («Сотта куәнің көрінеу жалған айғақтары» ) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Осылайша, ер адам куәгерден қылмыстық іс фигурантына айналды.