Жылыту маусымы: 6 өңір көмір қорын дайындап үлгере алмай жатыр
Жергілікті әкімдіктер жұмысты жандандыруы керек
Еліміздегі 6 өңір жылыту маусымына қажет көмір қорын дайындап үлгермей жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алдағы жылыту маусымына көмірге қажеттілік – 8,6 млн тонна. Оның ішінде 2,3 млн тонна коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 млн тонна көмір халыққа керек. Жылыту маусымына дайындық басталғалы бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілді. Бұл жылдық жоспардың 12%-ына тең, – деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.
Министр қай өңірлер жылыту маусымына қажет көмір қорын дайындап үлгере алмай жатқанын айтты.
Мониторинг барысында 6 өңірде: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында көмір дайындау жұмыстары төмен екені анықталды. «Қазақстан темір жолы» АҚ және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажет көлемін жеткізуге дайын. Аталған өңірлер жұмысты жандандыруы қажет, – деді ведомство басшысы.