Қазақстанда мал санағы басталды
Статистика бюросы алынған деректердің анонимділігіне кепілдік береді
Бүгін республика бойынша пилоттық мал санағы басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауыл шаруашылығы санағы ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, соның ішінде шаруашылықтар саны, мал басы, ғимараттардың болуы, ауыл шаруашылығы техникасы, қолданылатын технологиялар мен ресурстар туралы нақты ақпарат жинау мақсатында жүргізіледі. Бұл ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын талдауға, тенденциялар мен проблемаларды анықтауға, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдаудың стратегиялық жоспарларын және бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
АШМ мәліметінше, мал санағының негізгі кезеңі 2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін, пилоттық кезеңі 2024 жылдың 20 тамызынан 30 қыркүйегіне дейін жүргізіледі. Оған мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер, соның ішінде шаруа қожалықтары немесе фермерлік шаруашылықтар, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері (даша, бақ, көкөніс бақшасы) бар немесе малдары бар үй шаруашылықтары қатысады.
Санақ жер және егістік жерлер, мал мен құстардың басы, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына қатысты басқа да аспектілер туралы деректерді жаңартуға мүмкіндік береді.
Респонденттер санақ субъектілерінің сипаттамасы, инженерлік-техникалық коммуникациялардың болуы, автономды энергия көздері, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы объектілері, еңбек ресурстарының сипаттамасы, өндірістік ғимараттар мен құрылыстардың болуы және құрылымы, органикалық өнім өндірісі және тағы басқа сұрақтарға жауап беруі керек. Заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер, соның ішінде шаруа қожалықтары немесе фермерлік шаруашылықтар, сондай-ақ үй шаруашылықтары sanaq.gov.kz сайтындағы сұрақнама парағын толтырып, ауыл шаруашылығы санағынан өз бетінше өтуі мүмкін, – делінген министрлік хабарламасында.
Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің анонимділігін және олардың тек статистикалық мақсаттарда қолданылатынына кепіл береді. Цифрлар жиынтық түрде өңделіп, респонденттің жеке басын ашпастан жарияланады.
Респонденттер 1446 нөмірі бойынша Бюроның байланыс орталығынан толық ақпаратты ала алады. Қоңыраулар жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін қабылданады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы санағы туралы нұсқауларды @statgovkz_bot телеграм-ботынан FAQ бөлімінен алуға болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында 54 елдімекенде мал санағы басталатыны хабарлаған болатынбыз.