31 жастағы әйел әуе компаниясының қызметкерлерін балағаттап, әдепсіз қылық жасаған
Бүгін Алматы әуежайында Fly Arystan әуе компаниясының жолаушылары бүлік шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. SMS-хабарламадағы қателіктен жолаушылар рейстен қалып қойып, әуе компаниясының қызметкерлеріне заттарды лақтырып, тәртіпсіздік жасаған.
Алматы-Астана рейсі 09:05-тен 09:25-ке кешіктірілген, бірақ жүйедегі ақауға байланысты жолаушылар рейстің 10:55-ке ауыстырылғаны туралы хабарлама алған, - деп хабарлады FlyArystan.
ІІМ Көліктегі полиция департаменті жағдайға қатысты түсінік берді.
Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы-Астана рейсінің жолаушысы – 31 жастағы әйелдің әуе компаниясы қызметкерлерін балағаттап, әдепсіз қылық жасағанын анықтады. Сонымен қатар тіркеу үстеліндегі мониторға зақым келтірген.
Көлік полицейлері әйелге қатысты шара қолданып, ұсақ бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік іс қозғады, - делінген хабарламада.
Жиналған материал сотқа жіберіледі.