Кез келген бапкер қай елге барса да оған баспасөз мәслихатында сұрақ сол елдің тілінде қойылады
Қазақстан командасы мен ресейлік «Зенит» клубының футболшысы Нұралы Әліп қазақ тіліндегі сұраққа ашуланған ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовті қолдап сөйлеген еді. Оған сол Черчесовке қазақша сұрақ қойған әріптесіміз Нұрсұлтан Құрман жауап қайтарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Черчесов ол жерде осетин тілінде де жауап бере алам деген. Мен оны түсіндім. Өйткені Қазақстандағы журналистердің бәрі орыс тілін біледі. Ал ол (журналист) қазақ тілінде сұрақ қояды. Ол хайп ұстағысы келді, – деген болатын Нұралы Әліп.
Ал бұл пікірмен Нұрсұлтан Құрман келіспейді. Оның бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар.
Нұралы, сен өзің қазақылықтың иісі аңқып тұрған, ұлттың тізгінін шырақ етіп ұстап отырған маңғаз Маңғыстаудың тумасысың. Маңғыстауда әрбір қаракөз қазақ тілінде, ана тілінде сөйлейді. Ана тілі үшін жанын беруге дайын. Ол жақта өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді біледі. Оған Ақтауға барған сайын куә болып жүрміз. Мен сенің не айтқың келіп отырғанын дым түсінбедім. Шыны керек, маған хайп керек емес, хайп үшін жүрген адам емеспін. Бұл жерде қазақ футболы деп жүрміз. Ең бастысы, өмірге қазақ болып келгеннен кейін ұлт мүддесі, тіл тағдыры бірінші кезекте тұруы керек. Біздің қызметімізден жоғары тұратын ол – тіл, - деді журналист.
Сондай-ақ ол сөзіне мысал ретінде Расул Гамзатовтың «Бүгін тілім өлсе, ертең мен тілім үшін өліп кетуге дайынмын» деген тәмсілін келтірді.
Сондықтан Нұралы, есіңді жи, әліңді біл! Бұл хайп үшін жасалған жоқ. Қазақ жерінде қазақ футбол федерациясының жиынында бәрі қазақша болуы керек. Керек пе, оған аударып берсін! Мен Черчесовтен қазақша жауап бер деп талап еткен жоқпын. Сұрағымды қазақша қойдым. Біздің тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Осы уақытта жаңа толқын пайда болды. Біздің ұлт алдындағы жаңа толқынның миссиясы – келесі ұрпаққа біздің тілімізді саф ретінде, мәдениетімізді аманат етіп жеткізу. Біз дәл осы жолдан айнымауымыз керек. Сенің Петерборда отырып алып, баспасөз мәслихатында «Хайп үшін жасалды. Әрбір журналист орысша түсінеді» деп мәлімдеме жасауың – өте қате. Оны біздің ақпарат саласының қызметкерлері де, халық та, қазақ жанкүйерлері де дұрыс түсінбей отыр. Сенен түсініктеме күтеміз, - деді одан әрі Нұрсұлтан Құрман.
Оның айтуынша, кез келген бапкер қай елге барса да оған баспасөз мәслихатында сұрақ сол елдің тілінде қойылады. Арменияда армянша, Грузияда грузинше, Әзербайжанда әзербайжанша, ағылшын елінде болса, ағылшынша қойылады.
Біз – тәуелсіз елміз. Біз не үшін осы жерде жүрміз?! Сендерден біз аңыз жасаймыз. Тірі аңыз қыламыз. Мақтаймыз. Бір клубқа ауыссаңдар, қолдаймыз. Кейде еркелетіп жібереміз. Сол еркелікті кейбіреулер көтере алмайтын сияқты. Басқасы – басқа, бірақ дәл сенен осындай нәрсені күтпедік. Біздің жақсы көретін бауырымыздан күткен жоқпыз. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейді. Кішігірім саралап, сараптап жасауың керек дүние еді, - деген ренішін білдірді әріптесіміз, «артық қыламын деп тыртық қылған» Нұралы Әліпке.