Қарағанды облысы бюджетінің тең жартысы білім саласына жұмсалады
Мұғалімдердің жалақысы 2 есе артқан
Қарағанды облысында педагогтердің тамыз кеңесі өтті, - деп хабарлайды Halyq Uni.
Дәстүрлі жиында оқу жылындағы білім беру жүйесінің жұмысы қорытындыланып, жаңа оқу жылындағы стратегиялық бағыттар айқындалды.
Тамыз кеңесі Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық театрда өтті. Ондағы фойеде цифрлық көрме ұйымдастырылды. Іс-шарада білім беруде жаңа цифрлық технологияларды енгізу тақырыбы қызу талқыланды.
Биыл Қарағанды облысында білім беру саласына бюджеттің 47%-ға жуығы бөлінді. Президенттің тапсырмасы бойынша соңғы 5 жылда мұғалімдердің жалақысы 2 есе артты.
Өңірдегі мектептер жоспарлы түрде жаңғыртылып, жаңа оқу орындары жөнделіп, салынып жатыр.
Жыл соңына дейін Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарында апатты мектептердің орнына 2 жаңа мектеп салынады. Биылғы оқу жылында облыста 12 жаңа мектеп есігін айқара ашады. Оның 10-ы жайлы мектеп. 2025 жылға дейін тағы 20 мектеп салынады, оның 18-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының стандартына сәйкес келеді.
Материалдық-техникалық база нығайтылып жатыр. Облыс мектептерінің 80 %-ы заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталған.
Өткен оқу жылында оқушыларымыз қазақстандық білім берудің жоғары халықаралық имиджін растап, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 26 медаль жеңіп алды. Бұл былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 8 есе көп.
Қосымша білім беру мен шығармашылықты дамытуға да қаражат бөлінеді. Биыл Пришахтинскіде жаңа «Кәусар» оқушылар сарайы ашылды. Осы жылы осындай нысан Майқұдықта да салынады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұғалімдердің еңбегіне жоғары баға беріп, ізгі тілегін айтты.
Біз балалар мен жастардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Бірақ білім беру процесінің сапасы және өңіріміз бен еліміздің болашағына қосқан үлесіміз сіздерге байланысты. Құрметті ұстаздар, алдымызда маңызды міндеттер тұр. Бірақ біз барлығын бірге жеңе алатынымызға сенімдімін. Биылғы оқу жылы жетістіктер, биік белестер мен жаңа көкжиек жылы болсын! – деді облысы басшысы.
Жиында педагогтарға Ыбырай Алтынсарин атындағы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілері, сондай-ақ Оқу-ағарту министрінің құрмет грамоталары табысталды.
Мен 40 жыл үздіксіз сабақ беріп келемін. Жаңажол ауылында 31 жыл жұмыс істедім. Соңғы 9 жылда Қарқаралыда еңбек етіп жүрмін. Мұғалім мамандығын өзім таңдадым. Еңбегімді бағалап, «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстағанына ризамын, – деді Орымбек Жәутіков атындағы № 1 мектептің математика пәнінің мұғалімі Дариға Тұрғамбаева.