Су министрлігі Түркістандағы мемлекеттік каналдың сатылғанын жоққа шығарды
ЖШС-ға қатысты қылмыстық іс қозғалған
«Қазсушар» каналы жеке меншікке берілгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, машиналық канал «СК Парасат» ЖШС-нің жеке меншігіне берілмеген, осыған байланысты оны мемлекеттік меншікке қайтарды деген ақпарат дұрыс емес. Сондай-ақ, «СК Парасат» ЖШС-мен канал арнасының бөлігін және ГНС-1 іргелес аумақтарды саз-батпақ және құм тәрізді шөгінділерден тазарту жөнінде 2023 жылғы 26 маусымда №01 келісімшарт жасалған. Оның талаптарына қарамастан, «СК Парасат» ЖШС каналға іргелес аумақтардан өз бетінше құм өндіруді әрі кейіннен оны сата бастағанын ескере отырып, «Қазсушар» РМК 2023 жылғы қазанда осы келісімшартты бұзу рәсімін бастаған.
«Қазсушар» РМК атынан канал арнасын тазарту келісімшартын бұзу бойынша сот органдарына бірнеше талап-арыз берілді. Мәселен, 2023 жылдың қазанында Түркістан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз беріліп, осы кезеңде жергілікті құқық қорғау органдарына өтініш жолданды. Өтініштердің қорытындысы бойынша «СК-Парасат» ЖШС-ға қатысты ҚР ҚК 334-бабының 2-бөлігі бойынша («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану, пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру») қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде іс сотқа дейінгі тергеу сатысында, – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған қоса, министрлік «Қазсушар» РМК арызы бойынша Түркістан облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «СК Парасат» ЖШС қызметін тексеріп, оның қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым берілгенін жеткізді.
Осыдан кейін «Қазсушар» РМК атынан уәкілетті орган ретінде Су шаруашылығы комитеті 2024 жылғы сәуірде Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдаған. Процеске қатысушылардың өтініші бойынша сот талқылауы барысында Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры үшінші тұлға ретінде тартылды. Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырмады, бірақ Су шаруашылығы комитетінің, «Қазсушар» РМК, Астана қаласы прокуратурасының және Түркістан облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының апелляциялық шағымдары бойынша 2024 жылы 25 шілдеде Астана қаласының апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, талап қанағаттандырылды, басқаша айтқанда келісімшарт жарамсыз деп танылды.
«Қазсушар» РМК 2024 жылғы ақпанда Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және Қаржы мониторингі агенттігіне «Қазсушар» РМК бұрынғы лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері және «СК Парасат» ЖШС заңсыз кәсіпкерлік қызметі фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін арыз жолдады, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан облысының прокуратурасы жеке меншікке заңсыз берілген су арнасы мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеген болатын.