Кінәлілер жауапқа тартылды
Теміртаудағы білім беру ұйымдарын тексеру барысында білім беру мен медицина саласындағы міндетті стандарттардың бұзылғандығы анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратураның мәліметінше, білім беру мекемелерінде біліктілік санаттары жоқ және біліктілігін арттыру курстарынан өтпеген оқытушылар сабақ берген. Сондай-ақ, оқытушылардан соттылығы, медициналық қарсы көрсетілімдері, психиатриялық және наркологиялық есепте болу жағдайларына қатысты міндетті тексерулерден өтулері туралы анықтамалар талап етілмеген. Білім беру ұйымдарының Жарғылық құжаттары белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, бұған қоса студенттерді оқуға қабылдау тәртібі бұзылған. Сонымен бірге жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік және медициналық бұйымдар сақталған.
Техникалық-экономикалық колледжде 12 оқытушы біліктілігін арттырмай сабақ берген болса, Жоғары политехникалық колледжде 5 мұғалімнің біліктілік санаты мүлдем жоқ.
Прокуратураның қадағалау актілері бойынша үш білім беру ұйымының білім беру қызметіне мемлекеттік лицензиясының қолданылуы тоқтатылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Кінәлілер жауапқа тартылып, 4 мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды.