Түркістан облысында су жинау арнасы жеке меншікке тегін берілген

Динара Амантай

Нысанның құны – 13 млрд теңге

Көрнекі фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Түркістан облысында су жинау арнасы жеке меншікке тегін берілген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астана қаласы апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен Түркістан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мемлекеттік мүлікті өтеусіз беру туралы шартты жарамсыз деп тану туралы шағымы қанағаттандырылды.

Атап айтқанда, «Қазсушар» Түркістан филиалы 2023 жылы 26 маусымда №1 шартпен ұзындығы 13,9 шақырым, құны 13 млрд теңге болатын «Тәуелсіздікке 20 жыл» атындағы су жинау арнасын «СК Парасат» ЖШС-не өтеусіз берген. Аталған каналдан ағын су алатын Жетісай және Мақтаарал аудандары кәсіпкер-шаруа қожалықтары прокуратураға шағымданған.

Жаңа меншік иесі каналды дұрыс пайдаланбай, тазарту жұмыстарын жүргізбегендіктен бөгетті нығайтатын құм шығарылып, салдарынан оның беріктігіне нұқсан келтірілген. Осыған байланысты, прокуратураның қадағалау актісі негізінде мүлік тұтынушылардың құқығын қамтамасыз ету және дұрыс пайдалану үшін мемлекет меншігіне қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.