Halyq Uni логотип
×

Декларация тапсыру мерзімінің бітуіне аз қалды. Қазақстандықтар нені білуі керек?

Тапсырып үлгермегендер жауапкершілікке тартылады

 Ербол Тұрымбет 10.09.2024 | 10:31
Декларация тапсыру мерзімінің бітуіне аз қалды. Қазақстандықтар нені білуі керек?
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Елімізде жалпыға бірдей міндетті декларация тапсырудың үшінші кезеңі мерзімінің бітуіне бір ай қалды. Құжатты 15 қыркүйекке дейін тапсырып үлгермегендерді жауапкершілік күтіп тұр, деп хабарлайды Halyq Uni.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті декларацияны кәсіпкерлер – заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсыруға тиіс. Табыс мөлшері мен бизнестің ауқымы маңызды емес, үйде қарапайым жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін кондитерден бастап зауыт иесіне дейін талап ортақ.

250 нысандағы форма дегеніміз не?

Кәсіпкер бірінші жылы 250-нысандағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады, оны «кіріс декларациясы» деп атайды. Онда декларациялау сәтіндегі барлық жинақталған мүлік пен ақша көрсетіледі (2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша). Бұл форманы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде бір рет тапсырады.

Ал келесі жылдары кәсіпкер 270-нысандағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырып, онда бір жыл ішінде тапқан және алған табысын көрсетіп отырады. Бұл адамның бастапқы декларациясында не болғанын және кейін не қосылғанын көру үшін жасалады.

Декларацияны кімдер тапсырады?

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды жұмыс істеп тұрған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС) мен жеке кәсіпкерлік (ЖК) басшылары да, жұмысы уақытша тоқтатылған ЖК және ЖШС басшылары да беруге тиіс. Себебі олар мемлекет үшін тіркелген болып саналады. Тек жұмысы 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтаған ЖК немесе ЖШС биыл декларация тапсырмайды. Алайда, олар келесі жылы еліміздің барлық кәмелетке толған азаматы ретінде декларация тапсыруға міндеттеледі.

Айта кетейік, декларацияда кәсіпкерлер жеке активтер мен міндеттемелер туралы ақпаратты заңды емес, жеке тұлғалар ретінде толтырады. Егер ЖК 2024 жылы ашылатын болса, онда бұл жылы 250 нысанын тапсырудың қажеті болмайды.

Кәсіпкерлермен қоса, олардың жұбайлары да Қазақстанның резиденті болмаса да, өз кірістерін декларациялауға тиіс. Бұл ажырасқан ерлі-зайыптыларға да қатысты. Мысалы, егер 2024 жылдың қаңтарында кәсіпкер әйелімен ажырасса, онда екеуі де активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсыруы керек, өйткені 2023 жылы неке тіркеуде болды. Мұндай әдістер өз кірістерін жасыру және салық төлеу міндетінен құтылу үшін некені жалған «бұзуды» тоқтатуды көздейді.

Декларацияда нені көрсету керек?

250-нысандағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда Қазақстаннан тыс жерде тіркелген барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік көрсетіледі:

  • жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер учаскелері мен жер үлестері;
  • жылжымалы мүлік: көлік құралдары, арнайы техника, әуе және теңіз кемелері;
  • шетелдік банктердегі, ҚР шегінен тыс банктік шоттардағы ақша, 1000 АЕК-тен жоғары;
  • ҚР тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі.

Сонымен қатар Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, тіркемелер, машиналар – бұл декларацияда көрсетілмейді, өйткені бұл мәліметтер уәкілетті органдарда бар, оларды мемлекет көріп отыр. Декларацияда Қазақстандағы банктік шоттар да көрсетілмейді, өйткені ресми органдар оны біледі. Мемлекетке тек шетелдік шоттар ғана туралы мәліметті білуі керек. Онда да шетелдік банк шотындағы қаражат 1000 АЕК-тен асса ғана декларацияда көрсетуге міндетті. Одан аз болса, міндетті емес.

Сонымен қатар Қазақстанда, сондай-ақ, шет мемлекеттерде мына мүліктер декларациялауға жатады:

  • үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлестер;
  • бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоин және т.б.);
  • инвестициялық алтын (алтын құймалары);
  • зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
  • 10 000 АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша (егер көп болса, онда 10 мың АЕК көрсетіледі, қалғаны көрсетілмейді);  
  • нотариалдық құжатпен куәландырған берешегі, тек банктерге қарызды көрсетіп керек емес, оны мемлекет көріп отыр;
  • құны 1000 АЕК-тен асатын шетелдегі мүлік; 
  • сенімгерлік басқаруға берілген мүлік.

Декларацияны қалай тапсырады?

Декларацияны онлайн және қағаз жүзінде тапсыруға болады. Онлайн egov.kz порталы және E-saluq azamat мобильді қосымшасында тапсырылады. Сайттың ыңғайлы нұсқасын таңдап, тиісті бөлімге өтіп, содан кейін нұсқауларды орындау қажет, ал қол қою ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы жүзеге асырылады.

Ал қағаз жүзінде тапсыру үшін азамат өзі тұратын елдімекендегі мемлекеттік кірістер органына немесе халыққа қызмет көрсету ұйымына келіп тапсыра алады. Онда кеңесшілер құжатты толтыруға көмектеседі. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, медиатор, адвокат) орналасқан жері бойынша декларация тапсырады.

Декларацияны қашан тапсырады?

Декларация тапсырудың үшінші кезеңі 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталған. Заң бойынша, биыл тапсыратындар 15 қыркүйекке дейін бітіру керек.

Егер кәсіпкер декларацияны тапсырып, алайда қандай да бір мүлікті көрсетуді ұмытып кетсе, ол қосымша декларацияны тапсыра алады. Себебі келесі үш жыл ішінде өзгерістер енгізуге болады. 

Декларацияны тапсырмаса не болады?

Декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаса немесе барлық деректі толық ұсынбаса, әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бірінші рет ескерту беріледі, екінші рет қайталанса, 15 АЕК мөлшерінде, ал толық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер кәсіпкер салық салу объектілерін жасырса, онда ол салық құнының 200% мөлшерінде, қайталанған жағдайда 300% мөлшерінде айыппұл төлейді, сонымен қатар салықтың өзін төлейді.

Бұған қоса, кәсіпкер шетелдегі мүлкі мен банктегі шоттардағы ақшасы туралы бір жыл ішінде заңбұзушылықтарды жоймаған жағдайда 200 АЕК айыппұл төлейді. Айта кетейік, 2014 жылы Қазақстан Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Страсбург конвенциясына қосылды. Бұл дегеніміз, мемлекет басқа қатысушы елдермен резиденттердің қаржылық шоттары мен есептілігі туралы ақпарат алмасады. Осылайша, салық органдары жеке тұлғада ел аумағынан тыс мүлкі туралы жасырын мәліметтерді анықтай алады. Заңбұзушылықты өз бетінше жою кезінде айыппұл салынбайды.

Бақылау 2025 жылы халықтың барлық санаты жалпыға бірдей декларациямен қамтылған кезде басталады. 2024 жылы бақылау әлі жүргізілмейді, тиісінше айыппұл да салынбайды.

Декларация тапсыру кезеңдері қандай?

Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілді.

I кезеңде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайларының мүлкі декларациялауға жатты.

II кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап квазимемлекеттік сектор субъектілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары кірді.

III кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары жатады.

IV кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаты кіреді.

Сөйтіп, 2025 жылға қарай 13 млн-нан аса адам өз декларациясын ұсынады деп жоспарланған.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама