Әкімдер әскери дайындықтан өтті
Әскери жиынға олардың көмекшілері де қатысты
Елімізде 27 әкім дайындықтан өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Сарышаған» полигонында әкімдерге әскери қауіпсіздік және аумақтық қорғаныс бойынша сабақтар өтті.
Әскери жиынға Қарағанды және Ұлытау облыстарынан 27 әкім мен олардың көмекшілері қатысты.
Олар Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіповтің әлемдегі және өңірдегі әскери-саяси жағдай туралы дәрісін тыңдады.
Сондай-ақ әкімдер артиллериялық зеңбіректерден жауынгерлік атыстың қалай өтетінін көрді.
Артиллериялық атыстарды үш апта бұрын жиынға шақырылған әскери міндеттілер орындады. Осы уақыт ішінде олар жауынгерлік техниканы толық игерді. Бүгін олар көздеген мақсатына қол жеткізіп, жақсы нәтиже көрсетті, - деді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраев.
Сабақ соңында жергілікті атқарушы органдардың басшылары қарудан оқ атып, сынақ тапсырды.
Калашников автоматынан оқ атуда Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков үздік атанды. Ал Макаров тапаншасынан атуда Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали үздік нәтиже көрсетті.
Практикалық атыстарды орындау барысында көзге түскен әкімдер грамоталармен марапатталды. Қатысушылардың бәріне Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітабы табысталды.
Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбековтің пікірінше, әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұрғанда мұндай сабақтарды өткізу маңызды.
Жиын бағдарламасы өте қарқынды болды. Алған ақпараттың арқасында мен қаламыздың аумақтық қорғаныс органдары жұмысының тиімділігін және жауынгерлік қабілетті арттыру керегін түсіндім, - деді әкім.