ІІМ есірткі көп өсірілетін өңірлерді атады
Төрт мың шаршы метрге жуық есірткі егістігі жойылды
Ішкі істер министрлігі жаз бен күз мезгілінде жыл сайын есірткінің заңсыз айналымына қарсы «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді, деп хабарлайды Halyq Uni
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2014 жылдан бері Қызылорда облысында құрамында «тетрагидроканнабинол» деп аталатын есірткі бар үнді және голландиялық қарасора көп өсіріледі.
Соңғы 10 жыл ішінде операция кезінде ІІМ тікұшақты қолдана отырып, әуеден іздестіру арқылы 230 тоннадан астам каннабис тобының есірткілері жойылды. Жоғары көрсеткіш 2015-2017 жылдары болған, ол кезде 30 тоннаға дейін есірткі тәркіленген. 2019 жылдан бастап төмендеу байқалады, – делінген полиция хабарламасында.
Бұған қоса операция барысында құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу аймақтары анықталды. Бұл – Түркістан, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарының аумағы, сондай-ақ елдің батыс өңірі.
Айта кетсек, «Қарасора» операциясы басталғалы бері каннабис тобына жататын 16 тонна есірткі, оның ішінде 12 тонна қарасора, 4,2 тонна марихуана, 450 келі гашиш жойылды. Төрт мың шаршы метрге жуық есірткі егістігі жойылды.