Тұжырымдаманы іске асыру үшін арнайы ақпараттық топ құрылған
Түркістан облысында мемлекеттік идеологиялық тұжырымдамаларды халыққа түсіндіру үшін арнайы ақпараттық топ құрылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде Түркістан қаласының кешегісі мен бүгінін сөз етіп, болашағына бағыт берген болатын.
Бүгінде Түркістан қаласы әлеуметтік-экономикалық саласымен бірге рухани мәдени бағытта да ілгері дамып келеді. Осы орайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының негізгі басымдықтарын насихаттау Түркістан қаласында қарқынды жүріп жатыр.
«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек, - деді Қ.Тоқаев.
Өңірде «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы аясында насихаттау үшін арнайы ақпараттық топ құрылған. Олар білім беру ошақтарында, денсаулық сақтау, қала әкімдігіне қарасты және оларға бағынысты мекемелерде, мұражайларда, кітапханаларда, т.б. салалық ұжымдар арасында жүйелі түрде кездесулер мен іс-шаралар өткізіп жатыр.
Бүгінгі таңда, ақпараттық-насихаттық топ құрамына енгізілген қалалық мәслихат депутаттары, дербес бөлім, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау мекеме және оқу орындарының басшылары, БАҚ өкілдері 2000 мыңнан аса адамды қамтыған 40-қа жуық кездесу өткізген. Жергілікті баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланып билбордтар ілінген. Сондай-ақ, Президентіміз: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет» деді. Осы орайда мектеп оқушылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарына құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, суицидтің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында адалдық пен тәртіп, тұрғындар арасында қоғамдық келісімді сақтау, жастар арасындағы этносаралық кикілжіңдердің алдын алу тақырыбында сөз болды.
Облыс әкімдігі елдің ынтымағы мен бірлігін көздейтін, жастардың болашағына дұрыс бағдар беретін бұндай жиындар көптеп өткізіп жатыр. Мәселен, «Ынтымақ үйінде» қала әкімінің төрағалығымен «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін» тақырыбында алқалы жиын өтті. Облыстық Ақсақалдар алқасы мен Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысқан жиында адалдық пен арлы азаматтың қалыптасуы сөз болып, түрлі ұсыныстар айтылды.
Сонымен бірге, қала тұрғындарының Мемлекеттік Рәміздерге деген құрметін арттыру, өскелең ұрпақтың патриоттық санасын жаңғырту мақсатында көп қабатты үйлердің балкондарына Тулар тігілді. Тұрғындардың, әсіресе жастардың рухын оятатын «Менің Туым – менің Қазақстаным», «Көк Тудың желбірегені» атты мерекелік іс-шаралар мен челлендждер өтті. Бұдан бөлек Түркістанда жастардың патриоттық сезімін оятып, рухын оятатын көптеген іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, Ұлы Дала Елі орталығында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы аясында «ARMAN-QANAT» Қоғамдық қорының басшысы Әсел Бимурзаеваның бастауымен Ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасы өтіп, 300-ден аса балаға қуаныш сыйлады.
Президентіміз Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын, бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шыққанын айтып өткен. Сталиндік репрессия, Алаш зиялылары, ашаршылық құрбандары ешқашан ұлт жадынн өшпек емес. Өткен ғасырдың қасіретін бүгінгі ұрпақтың санасында сақтап қалу өте өзекті әрі маңыдбы мәселе. Осы орайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы аясында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу жиыны өтті. «Өзекті өртер шындық» тақырыбында өткен жиында Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы, студент жастар мен оқушылар қала қонақтары қатысқан жиында зұлмат жылдардың зардабы сөз болды. Жиналғандар нәубат құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алып, Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Президентіміз қоғамдағы қыз-келіншектердің ролі, олардың қауіпсіздігі мен отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне де баса назар аударғаны белгілі. Түркістан қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында Елбасшысының тұжырымдамасына терең талдау жасалды. Отырыс барысында Малика Әбдрашқызы «Саналы ата-аналар», Рухабза Рустамқызы «Әйелдердің тұлғалық дамуына ықпал ету», Дариға Жұмабекқызы «Әйелдерге арналған жүктілікке дайындық жене босанғаннан кейінгі күтім жасайтын оқу бағдарламасын жасау» атты жаңа әлеуметтік-иновациялық жобаларын таныстырды. Бұл жобалар бүгінгі қоғамда өте маңызды болғандықтан комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ отырыста отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі туралы пікірлер талқыға салынды. Сонымен қатар Түркістан қаласында «Парасатты әйел – тұтас елдің бақыты» жобасы аясында әр салада қызмет атқаратын қыз келіншектермен 24 кездесу өтіп, отбасы, бала тәрбиесі, әйелдердің қоғамдағы ролі, қыз келіншектеріміздің тәрбиесі сөз болды. Айта кетейік аталмыш тұжырымдама бойынша Түркістан аумағында әлі де бірқатар жұмыстар атқарылу жоспарланып отыр.
Пернебай САПАРОВ