Жөнделуге тиіс 9 мыңнан аса нысанның 97%-ы аяқталған
Үкіметте тасқын салдарын жою жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2 569 жаңа үй салынып жатыр, олардың 619-ы толықтай дайын. 2 431 үйдің іргетасы тұрғызылып, 2 207 үйдің қабырғасы қаланған, ал 2 007-сінің шатыры жабылған.
Жөнделуге тиіс 9 189 нысанның 8 939-ында (97%) жұмыстар аяқталған. Сатып алу жоспарланған 6 081 үй мен пәтердің бүгінде 4 918-і (81%) сатып алынды.
Премьер-министр су тасқыны салдарын жою және азаматтардың мүлкін қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілсе де, бекітілген кестелерден кешігу фактілері бар екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккендерді уақтылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеті мерзімінде орындалуға тиіс. Республикалық штаб қажетті шешімдерді қабылдап, қаржы толық көлемде бөлінді. Барлық ресурстарды жұмылдырып, жұмысты жандандыру қажет, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ тасқын салдарынан еліміздің 6 өңірінде 11 мыңға жуық бала оқитын 40 мектеп бүлінді.
Сонымен қатар өңірлерде 8 медицина мекемесі зақымдалды. Үш нысанның құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Тағы үш нысан ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді, ал біреуінің орнына жаңа ғимарат салу жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, барлық жұмыс аяқталғанға дейін үйлестіру және бақылау жұмыстарын күшейту тапсырылды.