15 адамды сан соқтырған
Ақтөбе қаласының №2 сотында аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасаған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, айыпталушы танысы арқылы нарықтық бағадан төмен пәтерлер сатылып жатқандығы жөнінде ақпарат таратып, Ақтөбе қаласы 11 шағын ауданы, №112 В үйінде орналасқан пәтерлерге тыйым салуды алып тастау туралы сот шешімін, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-ның кепілдік хаты, ақпараттық хат және сатып алу-сату шарттары секілді заңды күші жоқ құжаттарды көрсеткен. Осылайша алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы пәтерлерді сату сылтауымен әйел 17 жәбірленушінің 314 млн 81 мың 528 теңгесін иемденген.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, қаражаттарды аудару туралы түбіртектермен, хат алмасу, тану хаттамасы және басқа да іс бойынша дәлелдемелермен расталды.
Соттың үкімімен азамат «О.» кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 15 жәбірленушінің жалпы сомасы 291 млн 314 мың 528 теңге болатын азаматтық талабы қанағаттандырылды. Жәбірленушілерге залалды өтеу үшін сотталғанға тиесілі автокөлік, Алматы қаласында орналасқан жер учаскесі және банктік есеп шорттар өндіріп алынды, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.