Тоқаев Қосшыдағы мектеп-гимназияға барды

Динара Амантай

Онда қазір екі ауысыммен 2700 бала оқиды

Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола өңіріне жұмыс сапары аясында Қосшыдағы 1500 орындық мектеп-гимназияны аралады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қосшының жаңа ауданында орналасқан мектеп «Болат Өтемұратов қорының» жеке инвестициясы есебінен салынып, жергілікті білім бөлімінің басқаруына берілген. Онда қазір екі ауысыммен 2700 бала оқиды. Мектепте 280 орындық акт залы, 360 орындық асхана, 2 спорт залы, информатика, химия, физика, биология, технология және музыка кабинеттері бар.

Мектеп директоры Дидар Асқарованың айтуынша, оқушылар тек білім алып қана қоймай, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында спорт секцияларына және шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, би, хор, фортепиано, домбыра секілді үйірмелерге тегін қатыса алады.

Президент роботты техника, мобилография, автомобиль жүргізуді виртуалды үйрену, шет тілі кабинеттерін, мектеп кітапханасын аралап көріп, ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесті.

Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботты техника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл – өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұжымға сәттілік тілеп, мектепке өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобусты сыйға тартты.