«30 мыңнан астам өтініш»: Түркістандықтар әкімдікке қандай мәселемен жүгінеді

Халық үні

Өтініш беруде  Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары белсенділік

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Биылғы жылдың жеті айында Түркістан әкімдігіне халықтан 30 мыңнан астам өтініш түскен, оның басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғам мен биліктің өзара ықпалдастығына баса мән беріп, азаматтарды ашық диалогқа шақырды. Сондай-ақ президент үкімет пен әкімдердің қызметі халықтың тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі бойынша бағаланатынын ескертті. Билік пен халық арасында ашық диалогқа құрылған алтын көпір болуы керек. Сол үшін Мемлекет Басшысы «Азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойды. Бүгінде аталмыш тұжырымдама жүктеген міндет Түркістан облысында жүзеге асып жатыр.

Президент тапсырмасына орай Түркістан облысында «Түркістан облысы әкімі аппараты лауазымды адамдарының жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламентін бекіту туралы» қаулысы бекітілген. Қаулыға сәйкес облыс әкімі, оның орынбасарлары және аппарат басшысы облыс тұрғындарын ай сайын жеке қабылдап, азаматтардың проблемалық мәселелеріне талдау жүргізіп отырады. Биылғы жылдың басынан бері облыс тұрғындарынан  30 244 өтініш түскен. Нәтижесінде 26 179 өтініш қаралып, 3 526-ы басқа мемлекеттік органдарға қайта жолданған. 16 589 өтініш бойынша қолайлы әкімшілік акт қабылданған, 870 өтініш назарға алынып, 2 444 өтініштің қарау мерзімі ұзартылған.

Әкімдіктің мәліметінше, өтініш беруде  Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары белсенділік танытып отыр. Қабылдауға келген тұрғындардың дені жер қатынастары, білім, инфрақұрылым, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, денсаулық, мәдениет, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету, кәсіпкерлік, жол, несие, қайтарымсыз грант, ауыз су тапшылығы, спорт, экология, интернет саласы бойынша мәселе көтереді.

Жергілікті атқарушы органдарға түскен әрбір өтінішке баса назар аударылады. Тұрғындар көтерген мәселелердің тиімді шешім табуына облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне арнайы тапсырмалар берілген. Тапсырмаға сәкес, бүгінде жергілікті билік халықпен жиі жүздесіп түрлі мәселелерді шешіп келеді.

Мәселен Жетісай ауданында мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан түскен өтініштер негізінде «Экзороллер» апараты алынған. «Сәби» қайырымдылық қорының демеушілігімен алынған, құны 3 млн теңге тұратын аппарат  БЦП мен ми, жұлын жарақаттары, параплегия мен бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы секілді тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтудың тиімді құралы.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының, оның орынбасарлары мен аппарат басшысының жеке қабылдауына 802 азамат жазылған. Оның ішінде 465 азамат жеке қабылдауда болған. Қабылдау барысында тұрғыдар түрлі салаға қатысты 564 мәселе көтерген. Қорытындысында облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері жүргізген жұмыстардың нәтижесінде 73 азаматтың мәселесі шешімін тапқан. Жеке қабылдауға жазылған 802 азаматтың 140-ы қабылдауға кіруден бас тартқан. Олардың мәселесі тиісті мемлекеттік органдар тарапынан оперативті түрде жұмыс жүргізуінің нәтижесінде оң шешімін тапқан.

Сондай-ақ, облыс әкімі аппаратының  жанынан Азаматтарды қабылдау орталығы (АҚО) іске қосылған. АҚО маңыздылығы халықпен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге оң серпін береді. АҚО-да мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен орынбасарларының жеке қабылдауларына жазылып, кезектілік ретімен өзінің мәселелерін ашық және тікелей бөлісу мүмкіндіктері қарастырылған. Осыған орай, Әкімдік тарапынан өңірлік аудан, қалалардан АҚО ашу мен АҚО-ға келген азаматтарды «ХҚКО» АЖ бірыңғай электрондық кезегіне тіркеу туралы тапсырмалар берілген.

Пернебай Сапаров