Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысында экологиялық проблемалар қалай шешіліп жатыр

Өңірде 400-ден астам экологиялық заң бұзушылық анықталған.

 

 Халық үні 09.08.2024 | 10:30
Түркістан облысында экологиялық проблемалар қалай шешіліп жатыр
фото: Halyq Uni

Түркістан облысында экологиялық заңнамаларды бұзған жеке және заңды тұлғаларға 2,120 млрд теңгеге айыппұл салынған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімдігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасамына сәйкес, жергілікті тұрғындардың өңірдегі ахуалға қатысты арыз-шағымдарын тыңдап, соның негізінде тиісті тексеру іс-шараларын жүргізеді.  Тұрғындардан түсетін шағымдардың ішінде экологиялық мәселелер де бар. Түркістан облысы бойынша экология департаменті экологиялық реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаевтың айтуынша күні бүгінге дейін жеке және заңды тұлғалардың арызына сәйкес, 109 тексеру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде 446 экологиялық заң бұзушылық анықталып, 431 жеке және заңды тұлғаларға 2 млрд 120 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Оның 1 млрд. 687 млн. теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.  Сондай-ақ ведомство басшысы жеке және заңды тұлғалардан облыс аумағындағы атмосфералық ауаның сақталуына байланысты да арыздар түсетінін айтады. Соған сәйкес, жоспардан тыс 16 тексеру жұмыстары жүргізілген.

Ордабасы ауданының аумағында орналасқан 12 қыш өндіру зауыттары тексерілді. Нәтижесінде қатты отын жағатын зауыттарда 19 заңбұзушылық анықталды. Зауыт иелері атмосфералық ауаға бөлініп жатқан шығарындыларды азайту үшін табиғи газға ауысу қажет. Бұл мәселе Талап-хат жолданды. Сондай-ақ, заң талабына сәйкес 3,4 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды, деді ол.

Сонымен қатар, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы мақта өндіру зауыттарынан шыққан шаңнан қоршаған ортаның ластану деректері орын алған. Бұл деректер департамент жүргізген мониторингтік бақылау және жоспардан тыс тексеру кезінде белгілі болған.  Қорытындысында 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Және атмосфераға шығатын шаңның көлемін азайту жөніндегі іс-шараларын бекітуге және басқа да заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген. Қадырхан Бейсенбаев облыс аумағындағы су обьектілерінің тазалығы да назарда екенін айтады. Бүгінге дейін жүргізілген тексерулер барысында 68 заңбұзушылық анықталып, 1 млрд 656 млн теңге айыппұл салынған.

Сонымен қатар, біздің тарапымыздан берілген  нұсқамаларға сәйкес «Катко», «Инкай» және «Балмұздақ» серіктестіктері кәріздік тазалау қондырғыларын орнатты. Сонымен бірге  «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не жүргізген профилактикалық бақылау кезінде  3 дана су буландырғыш тоғаны обьектілеріне экологиялық рұқсат құжатын алу қажеттілігі туралы нұсқама берілді. Соған сәйкес су буландырғыш тоғаны обьектілеріне  сарқынды  суларды аумақтық төгу бөлігі бойынша экологиялық рұқсат құжаты алынды. Айта кетейік, алдағы уақытта «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС–і салығын Түркістан облысының бюджетіне төлеуді жоспарлап отыр, - дейді Қадырхан Бейсенбаев.

Бұған қоса, ол қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының экологиялық талаптарының сақталуын тексеру барысында  өрт шығуы, полигон сыйымдылығынан асып кетуі, міндетті сұрыптау жүргізілмеуі секілді  заңбұзушылықтарды анықтап,  12 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғанын да жасырмады. Айта кетейік, елімізде Түркістан облысы уран өндіруден көш бастап тұр. Қазба байлық экономикалық жағынан өте табысты болғанымен, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі алдыңғы орында тұрады.

Департамент жүргізген тексерістің нәтижесі уран өндірушілердің кен орындарында күкірт қышқылдарының заңсыз төгілу деректері анықтады. Күкірт қышқылы тасымалданатын құбырларының аумағы және пайдаланудан кейінгі кен орындарындағы топырақтың беткі қабаттары күкірт қышқылдарымен ластанады. Аталған деректерге сәйкес, уран өндіру кәсіпорындарына 17 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Және бүлінген жерлерге тазалау, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы ұйғарымы берілді. Қазіргі таңда, ластанған жердің аумағы толықтай тазаланды, - дейді  Қадырхан Бейсенбаев.

Айта кетерлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті және «НК «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ, Түркістан облысының әкімдігі және полиция департаментімен бірлесіп, облыс аумағында қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың алдын алу бойынша жол картасын және оны іске асыру алгоритмін бекіткен. Соған сәйкес былтырғы жылы облыс аумағында 414 бейберекет қоқыс орындары анықталған.  Рейдтік іс шаралар нәтижесінде жеке, лауазымды және заңды тұлғаларға 1,7 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.Департамент бастығы экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасын қайта жандандырып жатқанын да сөз етті.

ҚР Экология және табиғи ресурстар Министрі 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасын бекіткен болатын. Осыған сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе, өңірдегі экобелсенділермен шешу мақсатында қолға алынды, - деді облыстың бас эколгы.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев депутаттардың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын қалай орындап жатқанын айтқан болатын. 

Пернебай САПАР.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама