×

Теміржол бағытында қызмет көрсететін компанияларға қойылатын талаптар күшейтілді

Жаз соңына дейін барлық пойыз тексеріледі

 Динара Амантай 16.08.2024 | 10:01
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Жолаушылар тасымалы компаниялары мен жеке тасымалдаушыларға субсидия беру тәртібі күшейтіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, пойыздардың жай-күйі мен тазалығы және талапқа сай стандарттық нормаларға байланысты субсидия беру мәселесін қарастырды.

Аталған комитет өкілдері жолаушылар пойызына кезекті тексеру жұмыстарын жүргізді. «Түрксіб-Астана» ЖШС қызмет көрсететін Қостанай-Алматы бағытындағы №43/44 әлеуметтік маңызы бар жолаушылар пойызын тексеру барысында 14 түрлі заңбұзушылықтар анықталды. Жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы келбетінің нормаларына сәйкес келмеуі, кондиционерлері қарастырылғанмен сол желдеткіші істен шыққан вагондардың қатынауы және санитарлық талаптарға сай келмеуі негізгі заңбұзушылықтар ретінде тіркелді.

Тексеру жұмыстарының нәтижелері бойынша тиісті акт жасалды. Өз кезегінде тасымалдаушы компанияға 10 күнтізбелік күн ішінде анықталған заңбұзушылықтарды жою және олардың қайталануына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Елімізде әлеуметтік маңызы бар тұрақты 110 пойыз қатынайды. Жаз соңына дейін қалған жолаушылар пойыздарына да тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама