Премьер-министр егін жинау науқанын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды
Бұл жұмыстарға 580 млрд теңге бөлінді
Премьер-министр Олжас Бектенов егін жинау науқанына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 млрд теңге бөлді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған сома 5 есе ұлғайтылды.
АШМ мәліметінше, Қазақстанда жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бүгінде техника 98%-ға дайын тұр. Барлығы 149 мыңнан астам трактор, 38 мың астық жинайтын комбайн және 14 мың дестелегіш тартылады.
Үкімет басшысы вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығымен тиісті министрліктер, әкімдіктер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін егін жинау науқанын өткізу жөніндегі жедел штаб құруды тапсырды.
Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақтаудың тиісті жағдайын қамтамасыз ету де маңызды, – деді Олжас Бектенов.
Шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны берілді. Бекітілген кестеге сәйкес, өңірлерге барлығы нарық бағасынан төмен деңгейде тіркелген баға бойынша шамамен 355 мың тонна жеткізіледі.
Олжас Бектенов мәселені тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Қажеттілік туындаған жағдайда шаруаларға астықты кептіруге дизель отынының қосымша көлемі бөлінеді. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы – 30 млн тонна. Бұл болжанып отырған егін көлемін сақтауға жеткілікті. Сонымен қатар жекелеген астық қоймаларының жүктемесі әлі күнге жоғары болып отыр. Премьер-министр элеваторларды өткен жылғы егін қалдықтарынан 10 қыркүйекке дейін босатуды тапсырды. Облыстардың әкімдіктері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, элеваторлар қызметі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге тиіс, – делінген Үкімет хабарламасында.
Өндірілген АӨК өнімдерін, оның ішінде негізгі экспорт нарығына өткізуді қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді. Сауда және интеграция министрлігі Қытай, Таяу Шығыс, Африка және басқа да елдердегі серіктестермен осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет.
Анықтама үшін, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы – 23,3 млн гектар. Оның ішінде дәнді дақылдардың ауданы – 16,7 млн гектар. Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес барлық өңірде егін жинау жұмысы басталды. Бүгінде 928,2 мың гектар дәнді және бұршақты дақылдар немесе 5,5% жиналды. Орташа өнімділігі 19,3 ц/гектар болған кезде 1,8 млн тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 418,2 мың тонна картоп және 940,3 мың тонна көкөніс жиналды.