Цинциннати турнирі: Олимпиадаға қатысудан бас тартқан Рыбакина жеңіліп қалды
Матч брейк алмасумен басталды
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды Halyq Uni kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлемнің 27-ракеткасы, канадалық, 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының финалисі Лейла Фернандеспен кездесті.
Бұл Е.Рыбакинаның денсаулығына байланысты Париж Олимпиадасында қатысудан бас тартқаннан кейінгі алғашқы ойыны еді.
Матч брейк алмасумен басталды. Есеп 4:3 болған мезетте брейк жасаған Рыбакина сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.
Екінші сетте тай-брейкте Фернандес сәтті өнер көрсетті – 7:6 (7:3).
Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте Фернандес брейк жасап кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
Екі сағат 35 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 20 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Канадалық спортшы 5 эйс, 6 брейкпен (17 брейк-пойнт) көзге түсті.
Л.Фернандес ширек финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдермен таласады.
Е.Рыбакина өткен жылы Цинциннатида үшінші айналымнан аса алмаған еді.