×

Астанада оқушылар мен студенттерге арналған зияткерлік курс өтті

Мақсат – жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау

 Дәурен Ерболат 16.08.2024 | 09:50
Фото: Діндерді зерттеу орталығы

Елордада оқушылар мен студенттерге арналған зияткерлік курс өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен Діндерді зерттеу орталығы ұйымдастырды.

(Фото: спикердің жеке архивінен)

Орталықтың бөлім басшысы Бауыржан Ахметов зияткерлік курстың қандай мақсатта ұйымдастырылғанын түсіндірді.

Биыл 16-17 шілде аралығында Бурабайда ер балалар арасында «Кемел жігіт – күйеу бала» атты зияткерлік курс ұйымдастырдық. Оған 14-20 жас аралығындағы 60 ер бала қатысты. Олар қой союдан бастап, табақ тарту сынды қазақтың салт-дәстүрімен танысып, ұлттық ойындарды ойнады. Осыдан кейін ата-аналар қыздарымыз үшін де курс өткізуді сұрады. Осылайша, «Қызым саған айтамын...» атты іс-шараны ұйымдастырдық. Басты мақсат – жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, жат ағымның жетегінде кетуіне жол бермеу, - деді Бауыржан Ахметов.

Хафиз Рабиға Төлебай (Фото: Діндерді зерттеу орталығы)

2 күнге жоспарланған зияткерлік курсқа 40 қыз (12-20 жас аралығы) қатысты. Оқушылар мен студенттер кесте тігіп, қазақтың салт-дәстүрімен танысты.

Оларды 3 топқа бөлдік. Кіші топты «Шашбаулым», ересек топты «Сырғалым», үшінші топты «Ақжаулық» деп атадық. Соңғысында қыздардың аналары жиналған. Бірінші күні қыздарға этнограф Тұрар Сәттарқызы қазақтың ұлттық киімдері мен мақал-мәтелінің мағынасы туралы, ал республикалық бас мешіттің ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы дін мен дәстүр сабақтастығы жөнінде дәріс оқыды. Сондай-ақ Мысыр елінен келген ұстаз, Құран хафизі Рабиға Төлебай тарихымыздағы асыл аналар жайлы айтып берді, - деді Діндерді зерттеу орталығының теолог-психологы Эльмира Әділханова.

(Фото: Halyq Uni)

Іс-шараның екінші күні шеберлік сағаттарына арналды. Олар тамақ істеуді және кесте тігуді үйренді.

(Фото: Halyq Uni)

Алдымен қыздарға сыпыра, алжапқыш, оқтау мен қажет құралдарды тараттық, арнайы тақия да тіктірдік. Олар ашытқы дайындауды, бауырсақ пісіруді, қамыр илеуді, табақ тартуды үйренді. Сонымен қатар тігінші Шайзат Ноғайбай сөмке тігуден шеберлік сағатын өткізсе, апаларымыз қыздарға нәрестені қырқынан шығару, бесікке бөлеу, шілдехана, қалжа секілді салт-дәстүрдің мәнін түсіндірді, - деді орталық маманы.

(Фото: Halyq Uni)

8-сынып оқушысы Тахмина Өтеғали зияткерлік курстан алған әсерімен бөлісті.

Мұндай іс-шара маңызды деп ойлаймын. Себебі, бүгін мен ашытқы жасауды, қамыр илеуді, сөмке тігуді үйрендім. Қамырдан тек бауырсақ емес, тоқаш, печеньені қалай дайындауға болатынын да көрдім. Сондай-ақ бантик, ободокты істеуді үйрендік. Ең бастысы, зияткерлік курста қыздармен танысып, жаңа достар таптым, - деді оқушы.

Іс-шарадан соң оқушылар мен студенттерге арнайы сертификат берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама