Криптовалютадан 2 млрд теңге пайда тапқан қостанайлыққа сот үкімі шықты

Динара Амантай

Ол өз кінәсін мойындамады

Фото: Halyq Uni

Қостанай облыстық сотында 2020-2022 жылдары қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымымен айналысқан қостанайлыққа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, айыпталушы сайттың көмегімен қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді Bitcoin, Litecoin және Ethereum сатып алу және сату үшін пайдаланған. Ол Nixmoney, Qiwi, Perfect Money, Payеer, ADVCASH Qiwi, Zolotaya Korona, Contact, VISA/Mastercard шетелдік төлем жүйелерінің платформаларында шетел валютасын (АҚШ доллары, рубль) айырбастаудан заңсыз табыс тапқан. Оған 2 миллиард теңгеден астам кіріс түскен. Кейіннен сотталушы оларды жылжымайтын мүлікті сатып алу және одан әрі сату және жалға беру арқылы заңдастырған.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Сот алқасы сотталушыға Қылмыстық кодекстің 218-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша («Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату») және ҚК-нің 214-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен («Аса ірі мөлшердегі кірісті заңсыз жолмен алу арқылы заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу») мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жазаға
үкім шығарды, – делінген сот хабарламасында.

Ер адамға 10 жыл мерзімге цифрлық активтерді шығаруға және сатуға және цифрлық майнингке тыйым салынды. Заңсыз алынған 2 миллиард теңгеден астам кіріс мемлекетке өндірілді.

Сотталушы сот залында қамауға алынды.