Вьетнамға тікелей рейстер ашылды
Билеттің құны 300 мыңнан асады
Air Astana Алматы–Фукуок–Алматы бағыты бойынша Вьетнамға тікелей рейстердің іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Фукуокқа тікелей рейстер 2024 жылдың 28 қазанында аптасына екі рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері, ал желтоқсаннан бастап аптасына төрт ретке дейін ыңғайлы A321LR ұшағында орындалады. Ұшақтар Алматыдан 22:45-те ұшып, Фукуокқа 08:15-те жетеді. Қайту рейстері: сейсенбі және бейсенбі күндері Фукуокадан 09:45-те ұшып, Алматыға 15:50-де жетеді.
Жаңа бағыттар әуекомпанияның маршруттық желіні кеңейту және тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша үздіксіз жұмыстың нәтижесі. Вьетнамға жаңа бағыт ұмытылмас саяхат үшін жаңа мүмкіндіктер бере отырып, жолаушыларымыздың арасында үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдіміз, – деді Air Astana-ның кірістерді басқару және коммерциялық жоспарлау жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалықов.
Екі бағыттағы билеттер құны алымдарды есепке алғанда эконом-класта 335 мың 899 теңгеден басталады. Билеттерді әуекомпанияның веб-сайтында немесе уәкілетті агенттіктер арқылы сатып алуға болады.
Айта кетсек, Фукуок – Вьетнамда орналасқан, аппақ жағажайларымен және мөлдір суларымен әйгілі көркем арал. Бұл аралға әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар көптеп барады. 2024 жылдың мамырынан бастап Қазақстан азаматтары Вьетнамға визасыз саяхаттайды.