Halyq Uni логотип
×

Балаларды ұрып-соққан балабақша тәрбиешісі қамауға алынды

Оған қатысты іс әкімшілік сотта қаралды

 Динара Амантай 15.08.2024 | 11:07
Балаларды ұрып-соққан балабақша тәрбиешісі қамауға алынды
Фото: Halyq Uni

Қарағанды облысында балаларды ұрып-соққан балабақша тәрбиешісі қамауға алынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

2023 жылдың 19 желтоқсанында «Восток-1» ықшам ауданында орналасқан «Растём вместе» балабақшасына баратын ұл-қыздардың ата-аналары олардың кішкентай балаларының денелерінде сыдырылған және көгерген іздерін анықтап, полиция бөліміне жүгінген. Тәртіп сақшылары балабақшадағы ішкі бақылау камераларын қарау кезінде тәрбиешінің балаларды итеріп, оралған қағазбен бастарынан ұрғаны, дөрекі ұстағаны анықталды.

Осы факті бойынша полиция органымен ҚР Қылмыстық Кодексінің 140-бабының 2 бөлігі («Білім беру ұйымы қызметкерінің міндеттерін тиісінше орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, кәмелетке толмағандарға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалып, нәтижесінде қандай да дене жарақаттары анықталмаған. Полиция қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты істі қысқартқан. Алайда, тәрбиешіге қатысты ӘҚБтК-нің 73-2-бабының 1-бөлігімен («Ұрып-соғу») әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, сотқа жолданды. Тәрбиеші кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты, оның кінәсі іс бойынша келтірілген дәлелдермен расталды.

Сотпен әйел кінәлі деп танылды. Жасалған құқықбұзушылықтың сипатын және іс-әрекеттің, әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың болуын, кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық жасауын және кәсiптiк міндеттерін орындауына байланысты құқықбұзушылық жасағанын ескере отырып, сот осы құқықбұзушылық үшін баптың санкциясы шеңберінде 2-тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады, – делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Жоғары тұрған сотқа он күн ішінде апелляциялық шағым келтірілуі мүмкін.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама