Аспанда сағатына 150 жұлдызға дейін ағатын метеор «жауыны» басталды

Халық үні

Биыл бұл құбылыс 24 тамызға дейін жалғасады

фото: free-lancers.net

Жыл сайын шілде-тамыз айларында Жерден метеор «жауынын» тамашалауға болады. Дегенмен жұлдыздар жауынын әсіресе тамыз айында анық көруге мүмкіндік бар, деп хабарлайды Halyq Uni sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Жұлдыздардың ағуы – табиғаттың ең әдемі құбылыстарының бірі. Метеорлар сағатына 200 мың шақырымнан аса жылдамдықпен ұшып, Жерден 70 шақырым биіктікте жарқырай бастайды. Ең үлкендері бірнеше секунд құлайды. Осы сәтте іштен тілек айтып үлгеруге болады.

Тамыз айындағы Персеида метеор ағыны жылдағы «жұлдыздар жауынының» ең жарқыны болды. Оның қарқыны сағатына шамамен 150 жұлдызға дейін жеткен.

Метеорлар Персеида шоқжұлдызында пайда болады. Бұл құбылыстың осылай аталуының себебі де сонда жатыр.

Персеида жұлдыздарының құлауы – таңғалдыратын ғарыш құбылысы.

Метеорлық жауын 1852 жылы ашылған Свифт-Туттл кометасы шығарған шаң бөлшектері арқылы Жердің өтуі нәтижесінде пайда болады.

Свифт-Туттл кометасы – үлкен аспан денесі. Оның ядросының диаметрі шамамен 26 шақырымға жетеді. Соңғы рет ол біздің ғаламшардың жанынан 1992 жылы ұшып өткен.

2008 жылдан бастап кометаның құйрығы тудырған метеорлық жауынның қарқыны артып келеді. Сондықтан әрбір келесі жаздағы жұлдыздардың ағуы алдыңғыға қарағанда жарығырақ болып жатыр.

Персеида метеорлары жоғары жылдамдығы және жарықтығымен ерекшеленеді. Олардың кейбіреуінің жарқырауы бірнеше секундқа созылады.

Биыл «жұлдыздар жауыны» 17 шілдеден 24 тамызға дейін жалғасады. Бұл құбылыстың шарықтау шегі 12-14 тамызда болады.