Әйел кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді
Қарағанды қалалық сотында баланы ұру фактісі бойынша балабақша тәрбиешісіне қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа сілтеме жасап.
2024 жылдың 17 мамырында Қарағанды қаласының Восток-2 шағын ауданында орналасқан «Джин» балабақшасының тәрбиешісі 2018 жылы туған баланы ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірді, - делінген хабарламада.
Тәрбиешіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі («Тәрбие мекемесі қызметкерінің міндеттерін тиісінше орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. 27 маусымда іс қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған еді. Алайда тәрбиешіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігі бойынша («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») іс қозғалды.
Әйел кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сот оны кінәлі деп тапты.
Жасалған құқықбұзушылықтың сипатын және ауырлығын, әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып, өзінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық жасағаны үшін сот осы баптың санкциясы шегінде 4 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде жаза қолданды, - делінген хабарламада.