Қостанайда ақбөкеннің етін сатқан адам сотталды

Қымбат Елтайқызы

Мемлекетке келтірілген залал 21 млн теңгеден асты

фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Ер адам ақбөкеннің ұшасын сатқаны үшін істі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақбөкендердің популяциясын сақтау мақсатында елімізде оларды тіршілік ету ортасынан, олардың бөліктері мен дериваттарынан (мүйіз, қан және т.б.) алуға (табуға, аулауға, атуға, жинауға, күресуге) тыйым салынады, деп мәлімдеді Қостанай облысының прокуратурасы.

Арқалық қаласының прокуратурасы талдау барысында қала тұрғынының қала аумағында бірнеше рет ақбөкен етін заңсыз сатқанын анықтады. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оның барысында ақбөкеннің 5 ұшасының еті тәркіленді. Мемлекетке келтірілген залал 21 млн теңгеден асты, – деп қосты ведомство.

Сот азаматты 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен, автокөлікті тәркілеумен экологиялық қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Үкім заңды күшіне енді.