Астанада медициналық ұйымдардың қарызы 14 млрд теңгеден асқан
Кейбір мекемелерге уақытында қаржы бөлінбейді
Бүгінде елордада медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 14 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рустемова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазір қалада стационарлық қызмет көрсететін 11 медициналық ұйым, амбулаториялық қызмет көрсететін 47 медициналық ұйым бар.
Медициналық ұйымдарға қаржының жетіспеушілігі кредиторлық берешектің пайда болуына әкелді. Бүгінде кредиторлық берешек сомасы 14,7 млрд теңге болды. «СК Фармация» компаниясы алдындағы берешек – 4,5 млрд теңге, ал басқа қызмет көрсететін компаниялардың (жеткізушілердің) алдындағы қарыз – 10,2 млрд теңге. Оның ішінде 2022-2023 жылдары мерзімі өткен кредиторлық берешектің сомасы – 3,3 млрд теңге, - деді Әлия Рустемова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өтіп жатқан қоғамдық тыңдауда.
Оның айтуынша, бүгінде қаладағы №1 көпсалалы аурухананың берешегі – 2,2 млрд теңге, фтизиопульмонология орталық – 662 млн теңге, инфекциялық орталық – 398 млн теңге.
Басқарма басшысы кредиторлық берешектің пайда болу себебіне тоқталды.
Біріншіден, тарифтің төмен болуы, жыл сайын дәрі-дәрмек пен медицининалық өнімдер, азық-түлік, коммуналдық және тағы басқа қызметтер бағасының көтерілуі және медицина қызметкерлерінің жалақысының өсуінің ескерілмеуі. Екіншіден, көрсетілетін қызметтер көлеміне төмен (бағамен) шарттар жасасу. Үшіншіден, сызықтық шкаланың қолданылуы, - деді ол.
Сондай-ақ басшы Астана қаласы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қордың» филиалы тарапынан уақытында қаражаттың бөлінбей отырғанын атап өтті.
«Мысалы, бүгінде жоғарыда аталған медициналық ұйымдарға биыл 4 айда істелген жұмыстың актісі бойынша қаржы бөлінді. Жыл басында бөлінген 30-40% аванс тек жалақы мен салықты төлеуге ғана жетеді, - деді Әлия Рустемова.
Сөз соңында басқарма басшысы әкімдік №1 қалалық көпбейінді аурухананың 1 млрд теңге көлеміндегі берешегін жергілікті бюджет есебінен жабу мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді. Биыл 2 қыркүйекте бұл мәселе мәслихат отырысына шығарылады.