Ұлттық экономика министрінің бұйрығы 23 тамызда қолданысқа түседі
Ұлттық экономика министрлігі ауылға жұмыс істеуге келген мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет қызметкерлерін қолдау шараларын өзгертті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министліктің 2024 жылғы 5 тамыздағы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және АӨК саласындағы мамандарға, ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларын өзгерту туралы бұйрығы online.zakon.kz жариялады.
Ережелер жаңа тармақпен толықтырылып, аталған салалардағы мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларының мөлшері 100 АЕК-ке тең көтерме жәрдемақыны (2024 жылы 369 200 теңге) құрайды. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау-келген мамандарға бюджеттік несие ауданның әкімшілік орталықтары болып табылатын ауылдық елдімекендерге 2 500 АЕК (9 230 000 теңге) аспайтын көлемде; ауылдық елдімекендерге 2 000 АЕК-тен аспайтын көлемде (7 384 000 теңге) беріледі.
Бұл ретте ауылдық елдімекендерге жұмыс істеу және тұру үшін мемлекеттік қызметкерлерге көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беріледі. Ауылдық елдімекеннің мәртебесі қалалық елдімекендер санатына өзгерген жағдайда сөз болып отырған сала мамандарына, сондай-ақ, әкім аппараттарының мемлекеттік қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие екі жыл ішінде беріледі.
Әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ауылдық елдімекен санаты қалалық елдімекендер санатына өзгерген күннен бастап есептеледі, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несие мөлшері әкімшілік аудан орталықтары болып табылатын ауылдық елдімекендерге келетін мамандарға берілетін несиенің мөлшеріне теңестіріледі. Жергілікті мәслихаттар жыл сайын көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жөнінде шешім қабылдайды. Сондай-ақ, заңдағы түзетулер әлеуметтік қолдау шаралары мынадай қызмет алушыларға бұрын берілген несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ (осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау сәтінде), сондай-ақ, соңғы екі жылда 90 күннен артық мерзім өтпеген жағдайда; өтініш беру сәтінде сұранысқа ие мамандықтар тізбесіне сәйкес мамандықтар бойынша; келген маман жұмыс істейтін елдімекен жататын ауданда (облыстық маңызы бар қалада) маманның өзі, оның жұбайы (зайыбынан) және балалары өтініш берген күннен бастап соңғы екі жыл ішінде тұрғын үйі жоқ адамдарға ұсынылатыны нақтыланды.
Жергілікті әкімдік көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үйлердің үлгілік жобаларының нұсқаларын немесе мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар жобаларды ұсынады. Ол бірқатар талаптарға сай келуі керек. Атап айтқанда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 46 АЕК-тен; тұрғын үй құрылысының жалпы сметалық құны берілетін несиенің екі еселенген мөлшерінен; сондай-ақ тұрғын үй құрылысының ең ұзақ мерзімі несие берілген сәттен бастап 12 айдан аспауы керек. Бұйрық 2024 жылғы 23 тамызынан бастап қолданысқа енгізіледі.