Ауылдарда дәрігерлер тапшылығы мәселесі 98%-ға шешілді – ДСМ

Дәурен Ерболат

Министрлік әкімдіктермен ынтымақтастықты нығайтқан

Фото: Halyq Uni

Еліміздегі ауылдарда дәрігерлер тапшылығы мәселесі 98%-ға шешілді, - деп хабарлайды Halyq Uni Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында медициналық университеттерде оқыған түлектерді жергілікті жерлерге бөлу кадр тапшылығын 84%-ға жабуға көмектесті. Оның ішінде ауылдардағы көрсеткіш – 98%, қалаларда – 76%.  

2024 жылы медицина мамандығы бойынша 10 570 студент білім алған. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс аясында 5350 түлек оқыған. Өңірлердегі комиссия жұмысы нәтижесінде медициналық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 76%-ы (4 мың 75 адам) медициналық мекемелерге жұмысқа орналасты.

Министрлік медициналық кадрларды бөлу тиімділігін арттыру, денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын азайту үшін  жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастығын нығайтты.

Болашақ дәрігерлер мен медициналық ұйымдар және білім беру мекемелері арасындағы үш жақты келісімшарт жасау мамандардың тәжірибеден өте жүріп, жергілікті жерлерде жұмысқа қалуын қамтамасыз ететін маңызды шара болып саналады.