×

«Үйсіз қалмайды». Министр тасқыннан зардап шеккендерге уәде берді

Күздің соңына дейін өңірлерде үйдің құрылысы аяқталуға тиіс

 Дәурен Ерболат 13.08.2024 | 12:38
фото: Halyq Uni

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны кезінде зардап шеккен қазақстандықтар баспанасыз қалмайтынын айтып, уәде берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында – 775 үй, Ақмола облысында – 331 үй, Ақтөбе облысында – 504 үй, Атырау облысында 100 үй салынып жатыр.

Менің ойымша, қыркүйекке дейін (құрылыстың) 80 пайызын аяқтаймыз. Бірнеше нысан бар. Онда (құрылыс) 15-20 қыркүйекке дейін созылуы мүмкін. Басты мақсатымыз – қыркүйектің соңына дейін құрылысты толық аяқтау, - деді Қанат Шарлапаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр тек бір ауылда құрылыстың қарқыны баяу жүріп жатқанын мойындады.

Мысалы, Ақтөбе облысындағы жағдай жаман емес. Мысалы, тек 1 ауылда қиындық бар. Ол өте алыста орналасқан. Елді мекен (Ырғыз) ауданынан тағы 90 шақырым жерде орналасқан. Нұра ауылында жаңа үйлерді салып жатырмыз. 15-20 қыркүйекке дейін ауылда (үйдің құрылысын) аяқтаймыз деп ойлаймын, - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ Қанат Шарлапаевқа «Қыс түскенге дейін су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға үй салып бересіздер? Олар үйсіз қалмайды ғой? Сізді дұрыс түсіндім ғой?» деп сұрағын нақтылады. Министр сауалға қысқа жауап берді.

Әрине, үйсіз қалмайды, - деді Қанат Шарлапаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама