Колледждерге 145 мың грант бөлінді
Студенттер 500-ден аса кәсіпорында практикадан өтеді
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, студенттердің 90%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған.
Мемлекеттік тапсырыстың 65% машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ға, ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 100%-ға дейін өседі. Сондай-ақ, колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасып жатыр. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Бұл кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.
Қазір 518 кәсіпорын 410 колледждің түлектерін практикалық даярлауға, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ете отырып, дуальді оқытуға және шефтік қамқорлық көрсетуге қатысып отыр.