Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыппен келіспейді
Абай Жүнісов ұзақ жыл менің қарт ата-анамның үйінде бірге тұрды, дейді ол
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды мен оның бұрынғы жүргізушісі Мәди Батыршаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni Kazinform-ға сілтеме жасап.
Мен тағылған айыппен келіспеймін. Жүнісовтің заңсыз берген арызын біздің құқық қорғау органдары әділетті түрде зерттеп, реттейді деп сеніп, тергеу аясында куәлік берген жоқпын, - деп бастады сөзін айыпталушы.
Айтуынша, жәбірленуші кәсіпкер Абай Жүнісовке осыдан 20 жыл бұрын сіңлісі тұрмысқа шыққан.
«Абай Жүнісов ұзақ жыл менің қарт ата-анамның үйінде бірге тұрды. Туыстарым Жүнісов пен белгілі кәсіпкер Д.Ыдырысов арасындағы жанжалды шешуге көмектесті. Себебі Ыдырысов Абайды ақша жымқырды деп айыптады. Мен күйеу баламды аядым. Жиендерім мен сіңілімді ойлап, оның барлық қарызын жауып, қайта кәсіп бастауына көмектестім. «Дәуір» компаниясына жұмысқа тұрғыздым», - деді ол.
Г.Сатыбалды Абай Жүнісов екеуі бірлескен кәсіпті қалай бастағанын айтып берді.
2011 жылы Жүнісов «Baur Kazakhstan» ЖШС құруды ұсынды, құжаттарға сәйкес, оның жалғыз иесі болды. Негізі акциялар былай таратылды: маған 34%, Айбатыр Жұмағұловқа 33%, Жүнісовке тиесілісі 33 пайыз. Жүнісов бәрін өзі басқарып отырды. Мен тек жан-жақты қолдау көрсетіп, көмектесуге тырыстым, - деді ол.
Алайда 2018 жылдың соңына қарай компания бонкротқа ұшырады.
«Компанияның бонкротқа ұшырағанын естіп және мені жақын адамым, сондай-ақ құдаларым Қасым мен Алтай Жүнісовтер алдап, тонап кеткенін білгенде, қатты ауырып қалдым. Инсульт алып жансақтау бөліміне түстім. Ал 2021 жылы оның YouTube каналы арқылы компанияларын тартып алды деп айыптауы үлкен соққы болды», - деді Гүлмира Сатыбалды.