Halyq Uni логотип
×

Атырау облысында әкім туралы жазба жариялаған адам айыппұл арқалады

Бұған дейін ол 20 тәулікке қамалған болатын

 Динара Амантай 12.08.2024 | 18:21
Атырау облысында әкім туралы жазба жариялаған адам айыппұл арқалады
Фото: Halyq Uni

Атырау облыстық сотында әлеуметтік желіде Қызылқоға ауданының әкімі туралы пост және аудио-бейнежазба жариялаған қоғамдық бірлестік төрағасына қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, қоғам белсендісі мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй, автожолдар, көпір және басқа да әлеуметтік нысандар, сондай-ақ осы үшін бөлінген 40 млн теңге бойынша тұрғын үйлер құрылысы туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жариялаған. Оларды теріске шығару мақсатында әкім құқық қорғау органдарына жүгініп, өзіне қатысты оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтердің таралғанын көрсетті.

Құқықбұзушының кінәсі жәбірленушінің арызымен, іске қатысушылардың түсініктерімен, полиция қызметкерінің баянатымен, әлеуметтік желіде жарияланған посттар және аудио-бейнежазбалармен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сараптама қорытындысымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді. Атырау облысы Мақат аудандық сотының қаулысымен ҚБ төрағасы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Іс құқықбұзушының адвокаттарының апелляциялық шағымдары бойынша апелляцияда қайта қаралды. Олар сот қаулысымен келіспей, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі тоқтатуды сұрады.

Апелляция құқықбұзушылықтың сипатын, құқықбұзушының жеке басын, бұрынғы әкімшілік құқықбұзушылық бойынша әкімшілік айыппұлдың төленгенін, оның отбасы жағдайын ескеріп, оған әкімшілік айыппұл түріндегі баламалы жазаны қолданды. Сот қаулысы өзгертіліп, ҚБ төрағасына 664 мың 560 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – делінген хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама