Мергендер «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стилдері бойынша бақ сынады
Жамбы атудан ұлттық құрамамыз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үздік төрттікті анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еліміздің ең үздік 10 жамбы атушысы көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Мергендер «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стилдері бойынша бақ сынады. Жалпы есепті қорытындылай келе, 1-орынды Айтбек Сарыбай, 2-орын Абзал Тұлыбеков, ал соңғы жолдаманы Ералхан Айкөз ұтып алды. Айта кетейік, әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына тікелей жолдама алған еді.
Іріктеу сайыстары өте тартысты өтті. Ал енді біз алдағы 5-ші Дүниежүзілік ойындарында алтын алу үшін барымызды саламыз. Ел намысын абыроймен қорғауға уәде беремін, – деді жамбы атудан ұлттық құрама спортшысы Ералхан Айкөз.
Осылайша, жамбы атудан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы:
Қазір спортшыларымыз 6 тамызда Алатау бөктерінде басталған оқу-жаттығу жиынында. Жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады. Оқу-жаттығу жиындарын Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр.
Дайындығымыз өте жоғары деңгейде. 70-80 пайыз дайынбыз деп айта аламын. Әлі жұмыс істеу керек тұстарымыз бар. Көшпенділер ойындарына 4 спортшымыз жолдама алды. Олармен ары қарай дайындықты қыздыра түсеміз. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт үшін Олимпиада деп айтсақ та болатын шығар, - деп атап өтті жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев.
Ал, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді.
Еске сала кетсек, Республикалық «Жамбы ату» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Көкпар», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Бәйге», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Айта кетсек, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.