50 млн теңгеге мемлекетке залал келген
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының бұрынғы қызметкерлері алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық қауіпсіздің комитетінің мәліметінше, Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ жергілікті филиалының бұрынғы екі қызметкеріне қатысты сот үкімі өз күшіне енді.
Олар Қылмыстық кодекстің 206-бабы 3-бөлігі және 190-бабы 4-бөлігіндегі қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырылды, - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында сотталғандар мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мәліметтерді өзгерту арқылы Шымкент қаласының жер телімдерінің шекарасын заңсыз көшіріп, өзгерткені анықталды. Қылмыстық әрекеттен мемлекетке 50 млн теңгеден аса қаржыға залал келген.