Енді колледж студенттері халықаралық үлгідегі диплом алады
Маңғыстауда Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі 3 мамандық бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өтті, деп хабарлайды Halyq uni mangystaumedia.kz cайтына сілтеме жасап.
Бұл жаңалықты Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді.
Былтыр қызметтік іссапармен Францияда іссапарда болып, мамандар дайындау, тәжірибе алмасу бағытында өзара ынтымақтастық келіссөздерін жүргізген болатынбыз. Париж академиясымен кәсіби ынтымақтастығымыз нәтижелі болды. Бүгінгі таңда Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі 3 мамандық бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден сәтті өтті, - деді Динара Жұмашева.
Оның пікірінше, халықаралық аккредитация оқу орнына бірнеше мүмкіндікті береді. Атап айтқанда колледж дипломы елімізден тыс елдерде де танылады,- түлектердің шетелде жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді, колледж мәртебесін және берілген білімнің еуропалық стандарттарға сәйкестігін растайды. Сондай-ақ халықаралық білім беру нарығында бәсекеге түсуге жол ашып, білім беру қызметтерінің ұлттық және халықаралық нарығында имиджді өсіреді және бәсекелестік позицияларды нығайтады. Бұған қоса, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытады.
Осы атқарған жұмысымыз барысында қолдау көрсеткен облыс басшылығына, Франция мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының консулдығына ерекше ризашылығымды жеткізгім келеді. Колледж ұжымын, әріптестерімді атаулы жетістіктерімен құттықтай отырып, табанды еңбектеріне алғыс білдіремін. «Қуанышты бөліссең көбейеді» демекші, алдағы уақытта да осы бағытта жалғасатын жұмыстарымыз сәтті болсын деп тілеймін, - деп жазды Динара Жұмашева.
Айта кетейік, енді атаулы колледж студенттері электрмен қамтамасыз ету, бағдарламалық қамтамасыз ету, технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару мамандықтары бойынша халықаралық үлгідегі дипломға ие болады.